Рецензиялау туралы

Рецензиялау — қолжазбалардың ғылыми құндылығын, журналдың профиліне сәйкестігін, күшті және әлсіз жақтарын анықтау мақсатында жариялауға ұсынылған материалдарды сараптамалық бағалау үдерісі. Бұл авторлар мен редакция тарапынан материал сапасын арттыруға ықпал етеді.

Рецензиялау ғылыми журналдың редакциялық алқасымен ұйымдастырылады және жарияланымдардың жоғары ғылыми деңгейін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ең өзекті және маңызды ғылыми жұмыстарды іріктеуге бағытталған. Рецензиялауға тәуелсіз сарапшылар мен редколлегия мүшелері қатысады.

Журналға жариялауға ұсынылған барлық қолжазбалар рецензиялаудан өтеді.


1. Мақсаты және қолдану саласы

  1. Осы қолжазбаларды сараптамалық бағалау ережесі «SOCIAL SCIENCES & DIGITAL HUMANITIES» ғылыми журналының (бұдан әрі – журнал) редакциясына авторлық түпнұсқалар түскен кезде оларды рецензиялау тәртібі мен рәсімін айқындайды.
  2. Қолжазбаларды рецензиялау журналдың редакциялық алқасымен ұйымдастырылады және басылымның жоғары ғылыми-теориялық деңгейін қамтамасыз ету және қолдау, сондай-ақ ең құнды әрі өзекті (перспективалы) ғылыми жұмыстарды іріктеу мақсатында жүргізіледі. Рецензиялау процесін рецензенттер тобы, оның ішінде редакциялық алқа мүшелері жүзеге асырады.
  3. Журналға жариялауға ұсынылған барлық қолжазбалар рецензиялауға жатады.
  4. Осы Ережеде көрсетілген талаптар рецензиялау рәсіміне қатысатын барлық тұлғалар үшін міндетті болып табылады.

2. Нормативтік құжаттар

Осы Ережені әзірлеу барысында келесі нормативтік құжаттар пайдаланылды:


    • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы №20 бұйрығы «Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізілетін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы»;
    • ISO 9000:2015 Сапа менеджменті жүйелері. Негізгі ережелер мен терминдер сөздігі.
    • ISO 9001:2015 Сапа менеджменті жүйелері. Талаптар.
    • ISO 37001:2016 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйелері. Қолдану бойынша талаптар мен нұсқаулықтар.
    • Еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі сапаны қамтамасыз ету бойынша стандарттар мен нұсқаулар (ESG – 2015)
    • НАО «Д. Серікбаев атындағы ВКТУ» ішкі нормативтік құжаттары.

3. Терминдер мен анықтамалар. Қысқартулар.

Осы Ережеде келесі терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:


    • Автор / авторлар ұжымы – ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген қолжазбаны дайындауға қатысқан тұлға немесе тұлғалар тобы.
    • Жауапты автор – қолжазбаны ұсыну, рецензиялау және жариялау барысында журналмен ресми хат алмасуға жауапты автор. Ол барлық әкімшілік талаптардың орындалуына жауапты және бүкіл қарастыру кезеңінде байланыста болуы тиіс.
    • Бас редактор – журнал шығарылымы бойынша соңғы шешім қабылдайтын және редакцияны басқаратын тұлға.
    • Қос «соқыр» рецензиялау – автор(лар) мен рецензент бір-бірінің жеке басы туралы білмейтін рецензиялау түрі.
    • Баспа – автор(лар)дың, делдалдың немесе өз бастамасымен тапсырыс бойынша басылымдарды дайындауға, өндіруге және шығаруға жауапты жеке немесе заңды тұлға.
    • Модератор – рецензиялау процесіне қатысушылар арасындағы өзара байланысты ұйымдастыратын және қолжазбаның журнал талаптарына сәйкестігін техникалық тексеретін университет қызметкері.
    • Плагиат – өзге автордың еңбегін өз атынан ұсыну немесе дереккөзін көрсетпей мәтін фрагменттерін пайдалану. Егер ресми автор саналы түрде басқа авторларды көрсетпей, өзін жалғыз автор ретінде танытса, бұл да плагиат болып саналады.
    • Редакциялық алқа – журналды қалыптастыру және шығару бойынша барлық процестерді жүзеге асыратын басқару органы.
    • Рецензент – журнал атынан әрекет ететін, авторлық материалдарды ғылыми сараптаудан өткізетін және олардың жариялауға жарамдылығын бағалайтын сарапшы. Барлық рецензенттер рецензияланатын тақырып бойынша танылған мамандар болып табылады. Рецензиялар журнал порталында сақталады және тіркеледі.
    • Рецензиялау – қолжазбаның мазмұны мен сапасын бағалау мақсатында рецензенттермен жүргізілетін сараптамалық қарастыру, нәтижесінде мақаланың артықшылықтары мен кемшіліктері анықталып, оны жақсартуға бағытталған ұсыныстар беріледі.
    • Қолжазба – зерттеуші баспаға ұсынатын баспа немесе электронды мәтіндік құжат.
    • ISO – халықаралық стандарт.
    • ИСМ – интеграцияланған менеджмент жүйесі.
    • ҚР ҒЖБМ – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі.
    • НАО «Д. Серікбаев атындағы ВКТУ» – «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

4. Жалпы ережелер

  1. Рецензиялау үшін тек «SOCIAL SCIENCES & DIGITAL HUMANITIES» ғылыми журналының Авторларға арналған нұсқаулығында көрсетілген талаптарға толық сәйкес ресімделген, бұрын басқа баспа басылымдарында жарияланбаған түпнұсқа қолжазбалар қабылданады.
  2. Қолжазбаның мазмұны ашық сипатта болуы тиіс. Құпия немесе шектеулі қолжетімділік белгісі бар материалдар жариялауға қабылданбайды.
  3. Егер қолжазба журналдың бағытына сәйкес келсе және ресімдеу талаптарын толық орындаса, редакция оны қарастыруға қабылдайды. Бас редактор оны рецензиялауға жібереді.
  4. Рецензенттер қолжазбаны автоматты түрде алады, бұл туралы электрондық пошта арқылы хабарлама келеді.

5. Рецензиялау процесін ұйымдастыру

  1. Рецензиялау процесіне тиісті ғылыми салада жұмыс істейтін беделді ғалымдар тартылады. Рецензент ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD немесе Dr. habil. дәрежесіне ие болуы тиіс. Сыртқы ғылыми ұйымдардың мамандарын тартуға жол беріледі.
  2. Рецензенттер “SOCIAL SCIENCES & DIGITAL HUMANITIES” ғылыми журналының Публикациялық этика қағидаларын ұстануы тиіс.
  3. Егер рецензент өз құзыреті жеткіліксіз деп санаса немесе белгіленген мерзімде рецензиялауға уақыты болмаса, ол редакциялық алқаны жазбаша түрде хабардар етіп, үш жұмыс күні ішінде рецензиялаудан бас тартуы керек.
  4. Рецензиялау мерзімі – мақала түскен күннен бастап бір айдан аспауы тиіс. Қосымша рецензиялау қажеттілігі немесе профильді рецензенттің уақытша болмауы жағдайында бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
  5. Рецензиялау жүйесі үш деңгейден тұрады:

    • 1-деңгей – модератор тарапынан ресми талаптарға, журналдың бейіні мен тақырыптық бөлімдеріне сәйкестігін техникалық тексеру. Бұл кезеңде қолжазбада қателер немесе жетіспейтін мәліметтер анықталуы мүмкін, бұл туралы автор(лар)ға хабарланады.
    • 2-деңгей – мәтіннің түпнұсқалығын тексеру. Модератор «Антиплагиат» жүйесі арқылы тексереді. Қолжазбаны қабылдау үшін мәтіннің түпнұсқалығы кемінде 65% болуы, мәтіндік сәйкестіктер 25%-дан аспауы тиіс.
    • 3-деңгей – «қос соқыр» рецензиялау. Ресімдеу мен түпнұсқалық талаптарына сай қолжазбалар екі тәуелсіз рецензентке жіберіледі, әрқайсысы жеке шешім шығарады.

  6. Қажет болған жағдайда қолжазба қосымша рецензиялауға жіберілуі мүмкін (3 рецензентке дейін).
  7. Рецензент қолжазбаны белгіленген мерзімде қарап, қолжазба жазылған тілде тиісті түрде ресімделген рецензияны редакцияға жолдайды. Рецензент келесі шешімдердің бірін қабылдауы тиіс:

    • Қабылдау: қолжазбаны өзгеріссіз күйде қабылдау (ешқандай түзетусіз *);
    • Шағын түзетумен қабылдау: кішігірім, бірақ міндетті өзгерістермен қабылдау;
    • Маңызды түзетуден кейін қабылдау: елеулі өзгерістер қажет, қайта рецензиялауды талап етеді;
    • Қабылдамау: қолжазбаны қабылдамау (өзгерістер ұсынылмайды).

  8. Егер рецензент мақаланы түзетуден кейін қабылдауды немесе қабылдамауды ұсынса, рецензияда нақты себептері көрсетілуі тиіс. Онда қолжазбадағы мазмұндық және техникалық кемшіліктер нақты сипатталып, қажет болған жағдайда бет нөмірлері көрсетілуі тиіс. Рецензенттің ескертулері мен ұсыныстары объективті және ғылыми-әдістемелік сапаны арттыруға бағытталған болуы қажет.
  9. Рецензенттердің шешімдері әртүрлі болуы мүмкін. Бір рецензент оң қорытынды беріп, екіншісі теріс қорытынды берсе, қолжазба үшінші рецензентке жіберіледі. Үшінші рецензент оң қорытынды берсе, қолжазба жариялауға қабылданады; егер теріс болса — қабылданбайды. Егер рецензенттердің ескертулері жойылуы мүмкін болса, қолжазба түзету үшін автор(лар)ға қайтарылады. Түзету мерзімі — автор(лар)ға хабарлама жіберілген күннен бастап бір аптадан аспауы тиіс. Егер автор(лар) рецензенттердің ескертулерімен келіспесе, редакция қолжазбаны қабылдаудан бас тартуға құқылы.
  10. Егер рецензент қолжазбаны тек елеулі түзетулерден кейін қабылдауды ұсынса, автор(лар) түзетілген нұсқаны қайта ұсынуы тиіс. Қайта жіберілген қолжазбамен бірге авторлар рецензенттердің барлық ескертулеріне жауап беретін жауап хатты бас редакторға жолдайды.
  11. Екі рецензент те оң қорытынды берсе, қолжазба жариялауға дайындық үшін баспаға жіберіледі және оған DOI (цифрлық объект идентификаторы) тағайындалады.
  12. Егер екі рецензент те теріс қорытынды берсе, қолжазба жарияланбайды.
  13. Егер қолжазба автор(лар)ға түзету үшін қайтарылып, өзгеріссіз қайта жіберілсе, ол автоматты түрде қабылданбайды.
  14. Рецензиялау нәтижелері бойынша қабылданбаған қолжазбалар редакция тарапынан пайдаланылмайды. Модератор авторға мақаланың қабылданбағаны туралы хабарлайды және рецензияларды жолдайды.
  15. Егер автор(лар) қолжазбаны қайта қараудан бас тартса, бұл туралы редакцияны жазбаша түрде хабардар етуі керек. Егер жауап хат жіберілген күннен бастап бір ай ішінде қолжазбаның жаңартылған нұсқасы ұсынылмаса, қолжазба қараудан алынып тасталады. Автор(лар) мұндай жағдайда белгіленген мерзімнің аяқталғаны туралы хабарлама алады.
  16. Егер қолжазба аздаған, бірақ қажетті түзетулермен қабылданса, жауапты автор «SOCIAL SCIENCES & DIGITAL HUMANITIES» журналы сайтындағы жеке кабинетінде тиісті хабарлама алады.
  17. Бар рецензиялар мен ұсыныстарды ескере отырып, журналдың редакциялық алқасы келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

    • Барлық рецензенттер оң қорытынды берсе, қолжазба журналдың алдағы нөмірлерінің бірінде жариялауға мақұлданады.
    • Рецензенттер арасында келіспеушілік болған жағдайда, түпкілікті шешімді бас редактор қабылдайды.
    • Егер рецензияларда елеулі ескертулер мен қолжазбаны жетілдіру туралы ұсыныс болса, ол автор(лар)ға түзету үшін қайтарылады.

  18. Рецензиялардың түпнұсқалары журнал редакциясында 5 жыл сақталады.
  19. Редакция авторларға рецензиялардың көшірмелерін немесе негізделген бас тарту туралы хабарламаны жолдайды.

6. Рецензияларға қойылатын талаптар

  1. Редакция рецензиялау кезінде қолжазбаны бағалаудың стандартты нысанын қолдануды ұсынады.
  2. Рецензия қолжазбаны объективті түрде бағалап, оның ғылыми және әдістемелік артықшылықтары мен кемшіліктерін жан-жақты талдауы тиіс. Рецензия келесі аспектілер бойынша негізделген бағалауды қамтуы қажет:

    • материалдың ғылыми (теориялық, әдістемелік, тұжырымдамалық) өңделу деңгейі;
    • қойылған мәселенің өзектілігі;
    • мазмұнның ғылыми жаңалығы мен түпнұсқалығы;
    • зерттеудің теориялық және қолданбалы маңыздылығы;
    • тиісті ғылыми саланың дамуына қосқан үлесі;
    • ұсынылған деректердің шынайылығы;
    • қолданылған анықтамалар мен тұжырымдардың дұрыстығы;
    • жасалған тұжырымдардың негізділігі;
    • эмпирикалық немесе практикалық материалдардың репрезентативтілігі;
    • иллюстративті материалдардың (кестелер, суреттер) орындығы мен сапасы.

Рецензияда сондай-ақ ескертулер тізімі көрсетілуі, плагиаттың бар/жоқтығы туралы қорытынды беріліп, мақала жариялауға ұсыныла ма, жетілдіру қажет пе, әлде қабылданбай ма — деген түпкілікті шешім жасалуы тиіс.


Сонымен қатар мәтіннің қисыны, құрылымы, ғылыми стилі және тілдік сауаттылығы да бағаланады.

7. Қорытынды ережелер

Осы Ереженің түпнұсқасы Ғылыми-зерттеу қызметі департаментінде сақталады. Бұл департамент Ереженің барлық мүдделі тараптарға жеткізілуін және оның дұрыс орындалуын қамтамасыз етеді.